Түркістан өңірінің түлектері ауылдарына «Рәміздер» алаңын тарту етті
Түркістан облысы Сауран ауданы Нұртас ауылында Рәміздер аллеясы ашылды. Сондай-ақ ауылдағы Амангелді атындағы жалпы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер 27 метр биіктікке Мемлекеттік Ту орнатты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
ҚазАқпарат агенттігінің жазуынша, жалпы, Түркістан облысында мектепті 20-30 жыл бұрын бітірген түлектер туған ауылдарына «Рәміздер» алаңы мен Тутұғыр салып беріп жатыр.
Өткен жылы Созақ ауданындағы түлектердің осындай тартуы ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген болатын. «Созақ» мектеп гимназиясын 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылға кіре-берістегі саябақ алдына «Рәміздер» алаңын салып берді. 23 метр биіктікке Мемлекеттік Ту орнатылды және Елтаңба мен Қазақстан картасы бейнеленіп, Әнұран мен ауыл тарихы жазылған үлкен белгі қойылды. Аллея аумағы абаттандырылып, шырша егілді.
Сонымен қатар, Отырар ауданының екі бірдей ауылында да игі бастама іске асты. Атап айтқанда, Балтакөл және Маяқұм ауылдарының мектепті 20, 30 жыл бұрын бітірген түлектері өз қаражатына «Рәміздер» алаңын салып берді. Жақсы үрдіс биыл да жалғасын тапты. Сауран ауданындағы мектеп түлектері ауылдарына 2 Тутұғыр орнатты.
Бүгінде жалпы өңірдегі Тутуғыр саны 26-ға жетті. Биыл Мақтаарал ауданында демеушілердің қолдауымен тағы да 1 «Рәміздер» алаңы бой көтереді деп жоспарланып отыр.
Фото: ҚазАқпарат