Аймақ

Нархоз университетінде заң клиникасы ашылды

Құқық және мемлекеттік басқару мектебі базасында Заң клиникасының кеңсесі ашылды. Ашылу салтанатына сот және заң практикасы, адвокаттық және нотариаттық қызмет пен БАҚ-тың жетекші өкілдері, студенттер, магистранттар, PhD-докторанттар мен университет қызметкерлері қатысты.

Заң клиникасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, елімізде кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар заң және құқықтық тәртіпті нығайтуда әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінетін заңгерлердің жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталған әлеуметтік жоба.

Шараның ашылуында университет президенті Қанат Қожахмет:

Бүгін ашылған Заң клиникасы студенттерді теориялық біліммен қатар дуалды білім беру форматындағы практикалық дағдыны дамытады, — деп атап өтті.

Ұлы Абай  «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» дегендей, тамаша тәмсілді еске алған университет басшысы:

Бір топ адам бір-бірімен қол ұстасып, қараңғы түнекте білім іздеп сапарға шығады. Ұстазы қараңғыда аяқастынан тас кезіксе, көтеріп ала жүріңдер, керек болады дейді. Түнектен жарыққа шығар алдында есік тарс жабылып, сонда ұстазы, кім тас арқалап келе жатыр? Керек болады, жарыққа шығатын жол осы арқалаған тастарыңыз депті. Тас көтергендер жарыққа шығып қараса, аяқаястынан теріп алғандары жауһар тас болып шығады. Сондықтан білім іздеген жастар әрдайым өзінің жауһар тастарын адаспай тапсын, — деп сөзін қорытындылады.

Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің заң клиникасында студенттер білікті ұстаздардың жетекшілігімен нақты істерге қатысып, құжаттар әзірлеп, клиенттің мүдделерін қорғап, заң көмегін көрсетіп, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алады. Аталмыш практика білім алушылардың материалды жақсы меңгеруіне, кәсіби дамуына ықпал етеді. Клиника студенттердің құқықтық мәселелерді шешу, сыни ойлау және топтық жұмыс орындау, сондай-ақ коммуникация, талдау, дәлелдеу және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға арналған алаң ретінде қызмет етеді.

Заң клиникасы студенттерге, ата-аналарға, Алматы тұрғындарына ҚР қолданыстағы заңнамасы құқықтық нормаларын қолданудың өзекті мәселелері бойынша ақысыз кеңестер ұсынады. Тегін заң көмегін көрсету студенттердің қоғамдық проблемаларға қатысуына жол ашып, кәсіби дамуына негіз болмақ.

Іс-шара барысында «Нархоз университеті» КЕАҚ мен Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығы, Республикалық адвокаттар алқасы, Алматы адвокаттар алқасы, Алматы облыстық адвокаттар алқасы, «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Ашылу аясында іс-шараға қатысушылар мен қонақтар үшін кампус-тур өтті.

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,

NARHOZ университетінің профессоры

Фото: NARHOZ университеті

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button