Экономика

«Айлықтан айлыққа дейін өмір сүретін азаматтар зардап шегеді»: Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Ұлттық банк мәжіліс депутаттарының базалық мөлшерлемені 10-12 пайызға дейін төмендету туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.

Ұлттық банктің жауабында базалық мөлшерлемені төмендетудің салдары қиын болатыны айтылған.

Егер мөлшерлеме инфляция деңгейінен және халықтың, кәсіпорындардың, қаржы ұйымдарының күткенінен төмен болса, 32,0 триллион теңгеге жеткен депозиттер күрт азаюы мүмкін. Себебі төмен депозиттік мөлшерлемелер олардың тартымдылығын азайтады, – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Банктің пікірінше, бұл жағдай халықтың тұтыну шығындарын арттырып, бағалардың өсуін тездетеді. Сондай-ақ қаржы құралдарының шетелдік валютаға ауысуына, банк жүйесінен депозиттердің кетуіне, қолма-қол ақшаның көбеюіне және ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын жаппай сатып алуға алып келеді.

Жылжымайтын мүлік нарығына қаржының көптеп құйылуы тұрғын үй бағасының өсуіне себеп болады. Бұл өз кезегінде тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін жоққа шығарады. Сонымен қатар тұтынушылық белсенділіктің артуы импорттың өсуіне әсер етіп, валюта нарығына қысым көрсетеді. Себебі тұрмыстық техника, ұялы телефондар сияқты тұтыну тауарларының басым бөлігі шетелден әкелінеді, – делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.

Банктің мәліметінше, ұлттық валютаның әлсіреуі мен шетелдік депозиттердің көбеюі валюта дағдарысына алып келуі мүмкін.

Ұлттық валютаның құнсыздануы мен инфляцияның өсуі халықтың әл-ауқатына қатты әсер етеді. Әсіресе жинағы жоқ, айлықтан айлыққа дейін өмір сүретін азаматтар зардап шегеді. Бизнес үшін де бұл қиындық туғызады, – деп қорытындылады Ұлттық банк.

Фото: egemen.kz

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button