«Жаңа заңда шикілік бар»: Қытайдан көлік әкелген қазақстандықтар оны заңдастыра алмай жүр

Қытайдан көлік әкелген бір топ қазақстандық оны заңдастыра алмай жүргенін айтып, шағымданып жүр, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz 31-телеарнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Оларды сырттан кірген көлікті электронды құжаттауға міндеттеу тәртібі тығырыққа тіреген. «Жаңа заңда шикілік бар» деген көлік иелері жүйенің дұрыс істемейтініне шағымын білдірді. Айтуларынша, соның кесірінен утилі мен салығы төленіп қойған темір тұлпарлар кеден қоймасында қалып қойған.
Көлік иелерінің айтуынша, тіркеу үшін қажет болған анықтаманы беретін мемлекет бекіткен зертханалардың 90 пайызы жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді.
Жеке тұлғаларға арналған 2-3 зертхана ғана бар. Біреуі Қызылордада, біреуі Алматыда, үшіншісі Астанада. Соларға Көлік құралының қауіпсіздік сертификаты, куәлік, машинаның суретін, вин-кодтарын береміз де тіркеуге өтініш жолдаймыз. Заң жүзінде 24 сағатта шығатын қағаз. Біз осы күнге дейін 16 күн, ең ұзағы 21 күн күттік. Шықпайды. Қазір мүлдем шықпайды! – дейді көлік иесі Тойбазар Амантаев.
Электронды құжатқа қолы жетпегендердің кейбірінің көлігі қоймада жатқанына 1 айдан астам уақыт өткен.
Көліктің ол жақта тұрғаны үшін де жүргізушілер ақша төлейміз дейді. Авто брокерлердің айтуынша, қазіргі уақытта кедендік тазалауға қажет қауіпсіздік сертификатын алу да қиындаған. Жаңа тәртіп пайда болғалы көліктің стандартқа сәйкестігін тексеретін көп зертхана жабылған көрінеді.
Бұрын Алматының өзінде 50-ден астам зертхана болған. Жаңа тәртіп күшіне енгелі жартысынан көбі жабылып тынды. Электронды құжаттау былай тұрсын, қағаз түрінде берілетін сертификатты алу мүмкін емес. Соның кесірінен 10 мыңнан астам көлік не ары емес, не бері емес — ортада қалды, – дейді автоброкерлік компания өкілі Данияр Күзенбаев.
Айта кетейік, көлікті тіркеу тәртібіне жаңашылдық әкелген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. Сырттан кірген транспорттарды электронды құжаттандыруға құқығы бар зертханалар тізімін де солар бекіткен.
Жүйенің онлайн жұмысын Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамы жүргізеді. Бірақ олар азаматтардың мәселесін Өнеркәсіп министрлігінің өзі реттеуі тиіс деп отыр. Ал министрліктен әзірге жауап жоқ. Қазақстандық бола алмай жатқан шетелден кірген көліктер қоймада әлі қанша уақыт тұратыны белгісіз.
Фото: exim-trans.kz