Қорғаныс министрлігі не себепті әскерге жарамсыз жастарды шақыртатындарын түсіндірді

Қорғаныс министрлігі жастардың не себепті әскерке шақырылып, кейін денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатып жіберетінін түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Былтыр 230 қазақстандық әскерге шақырту алған. Алайда кейін денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылған.
Қарулы Күштердің бас әскери-медициналық басқармасы бастығының орынбасары Берік Ілиясовтың айтуынша, кейде жастардың түрлі сырқаттары физикалық жүктемелерден кейін, әскерге шақырылған соң ғана анықталады.
Жас сарбаздың еш жері ауырмай, тіпті өзі білмейтін сырқатының барынан да хабарсыз болған жағдайларға да кез болғанбыз. Ал кейде, керісінше, әскерде борышын өтеу үшін ауруын жасырып қалады. Әскерде түрлі жүктемелерден кейін кей сырқаттар асқынады. Ал біз ондай сырқаттарды емханадағы тексерістен кейін ғана анықтаймыз, – дейді Берік Ілиясов.
Айтуынша, кей жағдайда сарбаздар әскерге дейін ауырып жүреді.Бірақ алғашқы тексеру кезінде дәрігерлердің сырқатты байқамай қалуы мүмкін екенін атап өтті.
Фото: Мемлекеттік күзет қызметі