Санатсыз

Көрісу күні: Ұлыстың ұлы күніне бастар ізгі дәстүр

Еліміз жыл сайын Наурызды он күн бойы – 14 наурыздан 23 наурызға дейін тойлай алады. Онкүндік «Наурызнама» деп аталады. Онкүндіктің маңызды әрі ерекше дәстүрінің бірі — «Көрісу күні».

Көрісу күні  Қазақстанның батыс өңірінде, сондай-ақ көршілес Ресейдің Астрахань, Орынбор, Саратов облыстарында кеңінен тойланатын дәстүрлі мейрам. Ол жыл сайын 14 наурызда аталып өтеді және қазақ халқының Наурыз мерекесіне дайындығын білдіретін ерекше күндердің бірі саналады.

Осы жайтты ескере отыра, География және табиғатты пайдалану факультеті Картография және геоинформатика кафедрасы атаулы мерекені атап өтті.Іс-шарада әріптестермен ізгі ниет білдіріп, амандасып, қыстан аман-есен шыққанымызбен бір-бірімізді құттықтадық.

«Көрісу» сөзінің өзі адамдардың кездесіп, қол алысып, амандық-саулық сұрасуын білдіреді. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, бұл дәстүр көне түркі заманынан бастау алады және көшпелі халықтардың табиғатпен етене байланысын көрсетеді.

Көрісу күні жалпы таңертеңнен басталады. Жастар үлкен кісілердің үйіне барып, қол алысып, бата сұрайды. «Жасың құтты болсын!» деп айтылып, адамның жасына жас қосылғаны атап өтіледі. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі – адамдардың бұрынғы өкпе-назын ұмытып, бір-бірімен татуласуы. Енді қиындық жоқ, адамның аузы аққа (уызға), малдың аузы көкке тиді деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек.Кейбір өңірлерде көрісу бірнеше күнге созылады. Үйлерде арнайы дастарқан жайылып, наурызкөже, бауырсақ, қымыз, шұбат секілді ұлттық тағамдар дайындалады.

Көрісу күні мен Наурыз бір-бірімен тығыз байланысты. 14 наурыз – көктемнің келгенін білдіретін күндердің бірі. Ал 22 наурызда ұлыстың ұлы күні тойланады. Көрісу осы үлкен мерекеге рухани әрі моральдық дайындық іспетті.Бүгінде Көрісу күні тек батыс өңірмен шектеліп қалмай, Қазақстанның басқа аймақтарында да атап өтіліп келеді. Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы бұл дәстүрдің маңызы артып, бүкілхалықтық мейрамға айналу үрдісі байқалады.

Көрісу күні – тек амандасу ғана емес, бірлікті, татулықты, ізгілікті дәріптейтін ерекше мейрам. Бұл күннің дәстүрі сақталып, болашақ ұрпаққа жеткізілуі – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын құрметтеудің бір белгісі. Наурыздың алғашқы күндері – адамдардың бір-біріне деген жылылығы мен құрметін көрсететін ерекше уақыт.

«Көрісу айты – береке,

Жақсы тілек – мереке» дегендей, бұл күндерде бір-бірімізге ақжарма тілектер айтып, мейірім мен ізеттілікті арттыра білейік!

О. Тумажанова, З. Сарсембекова, Д. Сулейменова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

География және табиғатты пайдалану факультеті

Картография және геоинформатика кафедрасының аға оқытушылары

Фото: дереккөз

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button