ҚазҰУ студенттері климаттың өзгеру мәселесін талқылады

Бүкіл әлемді қамтитын климаттың өзгеруі мәселесі – қазіргі заманның ең өзекті экологиялық, әлеуметтік және экономикалық сын-қатерлерінің бірі. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 13-ші мақсаты (ТДМ 13) климаттық өзгерістермен күресуді және оның салдарын азайтуды көздейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының студенттері осы тақырыпты талқылау арқылы климаттық әрекеттің маңыздылығын түсініп, өздерінің көзқарастары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Тұрақты даму мақсаты 13 аясында климаттық өзгерістердің алдын алу, бейімделу және олардың салдарын азайту мәселелері қарастырылады. Негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
- Климаттық өзгерістерді алдын алу және олардың әсерін азайту бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту;
2. Қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту, жасыл энергетикаға көшу және экожүйелерді қалпына келтіру;
3. Климаттық апаттарға дайындық пен бейімделу мүмкіндіктерін арттыру.
Бұл мақсат әлемдік қауымдастықтың климаттық өзгерістердің әсерін төмендетуге бағытталған кешенді стратегиясының бір бөлігі болып табылады.
Студенттер климаттық өзгерістердің адам қызметімен байланысты себептерін талдап, әлемдік деңгейдегі экологиялық апаттардың экономика мен қоғамдық өмірге тигізетін әсерін талқылады.Талқылау барысында заманауи технологиялардың экологиялық тұрақтылыққа қосқан үлесін талқылап, университет ішінде жасыл энергетика мен энергия үнемдеу шараларын дамыту мүмкіндіктеріне назар аударды.
Халықаралық ынтымақтастық пен жергілікті шешімдерге де ерекше тоқталды.Білім алушылар климаттық өзгерістермен күресте халықаралық келісімдер мен жергілікті деңгейдегі практикалық шешімдердің өзара байланысын талқылап, ақпараттық науқандар мен білім беру бағдарламалары арқылы қоғамды экологиялық мәселелерге бейімдеу қажеттігін атап өтті.
Талқылау аясында бірнеше ұсыныстар қабылданды.Жастар арасында экологиялық сананы арттыру мақсатында, студенттер университет әкімшілігі мен жергілікті басқару органдарымен бірлесіп, тұрақты даму жобаларын жүзеге асыру ұсыныстарын ұсынды. Олардың қатарында:
- Экологиялық тренингтер мен семинарларды тұрақты өткізу;
- Жасыл энергетика саласында инновациялық жобаларды қолдау;
- Климаттық қауіптерге қарсы алдын алу және бейімделу шараларын арттыру бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру.
Студенттердің климаттық әрекет мәселесін талқылауы – болашақ ұрпақтың экологиялық санасының жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетеді. Олар климаттық өзгерістерге қарсы күрестің тек мемлекеттік саясатпен шектелмей, әрбір азаматтың белсенді қатысуымен жүзеге асуы керектігін мойындады. Бұл үрдіс қоғамның жалпы тұрақтылығын арттыруға, экологиялық қауіп-қатерлердің алдын алуға және жергілікті қауымдастықтардың экологиялық жауапкершілігін күшейтуге септігін тигізеді.
Қазақ ұлттық университетінің студенттері Тұрақты даму мақсаты 13 аясында климаттық әрекет мәселелерін жан-жақты талқылау арқылы, заманауи экологиялық қиындықтарға қарсы өз үлестерін қосуға дайын екенін көрсетті. Студенттердің ұсыныстары мен идеялары университет деңгейінде ғана емес, елдің жалпы экологиялық саясатында да жаңа шешімдер мен ынтымақтастықты дамытудың негізін қалауы мүмкін.
Осылайша, жастардың белсенді қатысуы мен ұсыныстары болашақта климаттық қауіп-қатерлерді жеңуге және тұрақты даму жолында маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді.
К. Усеинова,
әл-Фараби атындағы ҚҰУ
Заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, з. ғ. к.,
Әсемай Қасымбек,
әл-Фараби атындағы ҚҰУ
Заң факультетінің 2-курс магистранты
Фото: news.myseldon.com