«Тілім ісіп, көзім жұмыла бастады»: Белгілі журналист науқастанып қалғанын айтты

Журналист Жанар Байсеміз Instagram-дағы парақшасында анафилактикалық шок алып, ауырып қалғанын айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Ол аузына ұшық шығып, кетпей қойғаннан кейін 25 мамыр күні дәріханаға соғып, ацикловир сатып алған.
«Ацикловир менде ылғи болатын, осындай жағдайда іше қоятынмын, бірден кететін. Үйдегім бітіп қалыпты. Бұл жолғысының қорабы басқа екен, өзгеріп кетіпті деп ойладым да ала салдым», — дейді журналист.
Ол сағат жетіден кеткенде лағманға тойып алып, сағат тоғыздан кете ұйқыға жатып қалған.
«Қарным қатты ашып кетті ме әлде лағманның дәмділігі ме, бақандай екі тәрелке ішіп алдым. Қарын қампайып кетті. Түнгі 2:39-да ояндым, ішім әлі кептеліп тұр екен, омез ішіп, әрі-бері жүріп, қайта жаттым. Содан таңғы бесте шылқылдап терлеп жатып, оянып кеттім. Түсімде ауруханада жүрмін деймін. Бір ұйқылы, бір ояумын. Ішім қатты ауырып жатыр, әрең басымды көтердім», — дейді Жанар Байсеміз.
Бір кезде екі алақаны дуылдап қыши бастаған. Іле-шала басы, табаны, одан кейін бүкіл денесі қышыған.
«Жынданған адам сияқты қаси бердім. Маса шақты ма десем, оған ұқсамайды. Бір кезде үрленген қуыршақ сияқты ісіне бастадым. Тырс-тырс-тырсылдап барамын. Тілім іси бастады, көзім жұмыла бастады. Енді сәл ғана қалғанда сөйлей алмай қалатын сияқтымын. Тілім кезеріп, аузыма сыймай барады. Мұның бәрі бірінен кейін бірі тез-тез болады екен. Ойланып үлгермейсің», — деп толықтырды журналист.
Бір сұмдыққа ұшырағанын сезген соң, тізерлеп барып, жұбайын оятқан.
«Ол не болып қалды деп, ұшып тұрды. Балдағына сүйеніп, төсектен тұрды. Бір кезде жаман, қорқынышты күй басталды. Ыңыранған, ыңырсыған дауыс шықты. Дем жетпейді. Не болып жатқанын түсіндіре алмайсың. Ішімнің ауырғаны сап тиылды да, қуық тұсымды солқылдатып кеткен ауру үдей түсті. Шылқылдап терлеп жатырмын, үсті-басым су-су. Бір сәтте тер тоқтады. Қалшылап, мұздай бастадым. Тісім-тісіме тиіп сақылдап кетті. Денемнің қышуы қойған жоқ. Жұбайымның есі шығып кетті. Сабыр ет, тыныштал дей береді. Оған сенің денең де, миың да, ештеңе көнбейді», — деп атап өтті Байсеміз.
Ол қатты қиналғаннан күйеуіне сіңілімді шақыр, анамды шақыр деген.
«Бір кезде жедел-жәрдем келді. Тамырымды таппай, барлық жерімді тесіп жатыр, тамырларым жарылып жатыр. Көнектей болып ісініп кеткенмін. Түрім адам шошырлық. Жамбасыма гормон салды. Ауруханаға әкелді. Анафилактикалық шок. Қан қысымы түсіп кеткен, тағы қайталануы мүмкін, шұғыл түрде реанимацияға жатқызу керек деді кезекші дәрігер. Тыржалаңаш шешіндірді. Қандай қорқынышты, үрейлі еді. Сөйтіп, реанимациядан бір-ақ шықтым. Әзірге неден екені белгісіз», — дейді ол.
Оның айтуынша, шокқа күйзеліс, ацикловир, омез себеп болуы мүмкін. Бір айдан кейін анализ тапсыру қажет.
«Өмірімде бірінші рет осындай жағдайға душар болдым. Соңғы рет 7-класта соқырішек болып, аудандық ауруханада жатқаным болмаса осы күнге кейін ауруханаға түспеппін. Реанимация дегенде төбе шашым тік тұрып, жатпаймын деп шошығаным рас. Таңғы сағат бес жарымда мен қатты қиналып жатқанда ауылда жатқан анам ұйқысынан шошып ояныпты. Ана жүрегі қандай иә?! Қалай сезеді?! Кейін біліп жатырмын ғой, анафилактикалық шоктан адам өліп кетеді екен. Құдай жанымды сақтады. Мен әлі өлгім келмейді», — деп түйіндеді журналист.
Фото: ашық дереккөз