Ұлттық құндылықтар – рухани қауіпсіздігіміздің кепілі

Қоғамның рухани қауіпсіздігі – мемлекеттің тұтастығы мен ұлт болмысының сақталуындағы шешуші факторлардың бірі. Қауіпсіздік ұғымы көбіне шекара, әскери қорғаныс, экономикалық тұрақтылық секілді категориялармен байланысты қабылданады. Алайда ішкі тұрақтылық пен ұлттық иммунитеттің іргетасы – ең алдымен, рухани қауіпсіздікпен бекемделеді.
Бұл қауіпсіздіктің басты қорғаны – ұлттық құндылықтар, яғни ұлттың тарихи жады, дүниетанымы, салт-дәстүрі, тілі, діні және мәдениеті. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар түрлі идеологиялық, мәдени шабуылдарға ұшырап отыр. Интернет кеңістігінде шекара жоқ. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі мәдениеттер мен идеялар еш кедергісіз біздің санамызға еніп жатыр. Бұл жағдай қоғам үшін үлкен мүмкіндік болумен қатар, қауіп те тудырады. Әсіресе, діни радикализм мен деструктивті ағымдар осы идеологиялық кеңістіктен өзіне қолайлы «алаң» тауып, ұлттық болмысымызға қайшы идеяларды таратуға тырысады. Осындай кезеңде ұлттық құндылықтарға сүйену – ұлтты іштен ыдыратуға бағытталған кез келген әрекетке қарсы тұра алатын берік қалқан.
Ұлттық құндылық дегеніміз – ұлттың өзіндік бет-бейнесі, тарихи тәжірибесі арқылы қалыптасқан рухани тұғыр. Ол – халықтың дүние туралы көзқарасы, өмір сүру салты, моральдық қағидалары, діні мен дәстүрі. Мысалы, қазақ қоғамы үшін «ұят», «ар», «иман», «абырой», «намыс», «кәсіп», «ырыс», «береке» секілді ұғымдар ғасырлар бойы ұлттық болмыстың өзегіне айналды. Бұл құндылықтар адамның жеке тұлға ретіндегі қалыптасуына, отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа, қауым мен мемлекет деңгейіндегі әлеуметтік тәртіпке негіз болды.
Осындай тереңнен тамыр тартқан рухани құрылым – радикалды діни ағымдардың бөлуші, жалаң догмалық идеяларына қарсы тұруда аса маңызды. Себебі, бұл ағымдар өздерінің идеологиясын тарату барысында ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығарады, жергілікті дәстүрлерді «шариғатқа қарсы» деп айыптайды. Қазақы болмыстың ғасырлар бойғы дәстүрлі исламмен үйлескен руханиятын мансұқтайды. Бұл – рухани шабуылдың классикалық көрінісі.
Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, қайта жаңғырту – тек мәдени мұраны сақтау ғана емес, рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де басты тәсілі. Қоғамның әр мүшесі, әсіресе жастар осы құндылықтарды бойына сіңірмейінше, сырттан келген кез келген идеяға оңай еріп кету қаупі арта түседі. Өйткені ұлттық құндылықтары әлсіреген сана – идеологиялық манипуляцияға бейім болады. Мысалға, қазіргі деструктивті діни ағымдардың бірқатары жастардың отансүйгіштік, ата-ананы құрметтеу, тарихты тану, тілді сүю секілді қасиеттеріне қарсы идеялар таратады. Олар «ұлттық сана – ширк», «ту мен әнұран – күпірлік», «ата дәстүр – бидғат» деп бұрмалап түсіндіреді. Ал негізінде, ислам діні мен қазақы құндылықтар ешқашан бір-біріне қайшы келмеген. Қайта, қазақтың дәстүрі исламмен біте қайнасып, ұлттың тұтастығына қызмет еткен.
Қожа Ахмет Ясауиден бастап Абайға дейінгі рухани көшбасшыларымыз ұлттық құндылықтарды исламмен үйлестіріп, адамгершілік пен имандылықтың тұтас жүйесін ұсынды. Мысалы, Абай үшін ұлттық тәрбие мен діни таным қатар жүрді. Ол «Толық адам» концепциясы арқылы ұлттық рух пен діни иманды ұштастырды. Яғни, ұлттық құндылықтарды нығайту – бұл тек этнографиялық элементтерді сақтау емес, рухани иммунитет қалыптастырудың бірден-бір жолы.
Бүгінгі мемлекет осы ұстанымды басты бағдар етіп отыр. «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала Елі», «Жаңа Қазақстан» идеялары – осының айғағы. Бұл идеялар жастарды өз тарихын тануға, бабалар рухына құрметпен қарауға, тілді, дінді, дәстүрді қадірлеуге үндейді. Бұл бағытта мектеп, университет, БАҚ, әлеуметтік желі және мәдениет мекемелері үлкен рөл атқаруы тиіс.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтардың әлеуметтік үйлесім мен қоғамдық келісімге де ықпалы зор. Мысалы, қазақ қоғамында «жеті ата», «қонақжайлық», «туыстық қатынас», «ақсақал сөзі», «бата» секілді ұғымдар тек тұрмыстық дәстүр емес, қоғамдық тәртіптің моральдық негізі болған. Осындай құрылымдар адамдар арасында өзара сыйластық пен жауапкершілікті қалыптастырып, бүлік пен бөлінушілікті тежеп отырған. Мұндай рухани тіректердің жоғалуы – қоғамды іштей ыдырататын факторға айналуы мүмкін.
Сол себепті қазіргі ақпараттық заманның жаңа талаптарына сай, ұлттық құндылықтарды жаңаша интерпретациялау қажет. Яғни, оларды музейлік жәдігер емес, қазіргі заманға сай өмірлік ұстаным, моральдық бағдар ретінде ұсыну маңызды. Бұл тұрғыда медиа, кино, әдебиет, өнер, әлеуметтік желідегі контент ұлттық болмысты танытатын мазмұнмен толығуы тиіс.
Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтар – бұл рухани шекарамыздың күзетшісі. Сырттан келетін діни, идеологиялық немесе мәдени экспансиялар кезінде дәл осы құндылықтар – ішкі иммунитет қызметін атқарады. Олар адамды өз ұлтына, тіліне, дініне, еліне, отбасына деген сүйіспеншілікпен баурайды. Бұл – кез келген деструктивті идеологияға қарсы тұра алатын берік рухани іргетас. Сондықтан бүгінгі Қазақстанда ұлттық құндылықтарды білім беру жүйесіне кіріктіру, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттау, деструктивті ағымдарға қарсы тұруда ұлттық болмысымызға сүйену, діни түсінікті ұлттық таныммен ұштастыру секілді дүниелер уақыттың талабында және еншісінде.
Ұлтты ұлт ететін – тілі мен діні ғана емес, рухани коды. Ал сол код – ұлттық құндылықтарда сақтаулы. Ұлттық құндылықтарымызды ардақтау арқылы ғана біз ұлттық бірлігімізді нығайтып, рухани қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете аламыз.
Коллаж: Kazinform