Қазақстан ТМД ішінде такси бағасының қымбаттауы бойынша көш бастады

Қаңтар-шілде аралығында қазақстандықтар 85,9 миллион рет такси қызметін пайдаланған. Мамандардың есептеуінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Energyprom сайты жазғандай, ең көп такси қызметін Алматы тұрғындары пайдаланған. Олар 16,2 миллион рет таксимен жүрген, бұл елдегі жалпы көрсеткіштің шамамен 19%-на тең. Келесі кезекте Астана (13 млн), Алматы облысы (6,3 млн), Маңғыстау облысы (5,7 млн) және Шымкент қаласы (5 млн) тұр. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында — 727 мың жолаушы тіркелген.
Такси бағасы бойынша Қазақстан әлемде 93-орында тұр. Орташа тариф 1 шақырымға 0,74 АҚШ доллары. Мәселен, Қырғызстанда – 0,23 доллар, Өзбекстанда – 0,28 доллар, Ресей мен Арменияда – 0,4 доллар шамасында.
Сарапшылар Қазақстандағы такси бағасы ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткішке ие екенін айтады.
Бір жыл ішінде орташа тариф 11%-ға өскен, ал айлық динамикада 0,3%-дық шамалы төмендеу байқалған.
Түркістан облысында баға 30%-ға артқан, ал Астана мен Алматы облысында ресми тариф өзгермеген.
Коллаж: kolesa.kz