Санатсыз

«Қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар»: Ақорда Тоқаевтың сөзін түсіндірді

Қасым-Жомарт Тоқаев күні кешегі өз Жолдауында қоғамдағы дөрекілік пен жанжалдар туралы, оған әйелдердің де қатысатыны туралы айтқан болатын. Сол-ақ екен, әлеуметтік желі қолданушылары Президенттің бұл сөзін талқылай жөнелген еді. Бүгін Ақорда түсіндіріп берді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.

Ашығын айтуымыз керек, қазір адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс, – деген еді Тоқаев.

Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың сөзін көпшілік ескерту ретінде қабылдағанын, алайда оның мәні – мәдениет дағдарысына назар аудару екенін мәлім етті.

Бұл ескерту емес, жынысына, жасына және шыққан тегіне қарамастан барлығымызды қоғамға құрметті қарым-қатынас мәдениетін қайтаруға шақыру. Дөрекілік пен агрессиядан бас тарту қажет. Жолдарда, кезектерде, вокзалдарда және ұшақтарда, басқа да жерлерде біз жиі куә болатын бір-біріне құрметсіздік жағдайлары біздің менталитетіміздің бөлігіне айналмауы тиіс. Сондықтан айтылған сөздің түпкі мәні – этика қалыптастыру, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, такт пен өзара сыйластықты көрсету. Бұл міндет ешбір жағдайда тек әйелдердің иығына артылмайды. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті, – деп атап өтті Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақорда 2021 жылы Тоқаев әйелдерге қатысты еңбек дискриминациясын жойған заңға қол қойғанын еске салды. Елде бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылды. ІІМ-де әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жеке басқарма құрылды. Әйел-тергеушілер мамандандырылды. Барлық өңірде Отбасыны қолдау орталықтары ашылды, 111 байланыс орталығы іске қосылды. 2024 жылы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейткен заң қабылданды. Биыл сталкинг пен мәжбүрлі некеге тұрғызу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Фото: prostock-studio

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button