Санатсыз

«Еліміз жылыту маусымына дайын ба?»: Бектенов бірқатар өңір әкімдеріне ескерту жасады

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірлердің жылыту маусымына дайындығына қатысты есеп берді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.

Бүгінгі таңда жылыту маусымы Павлодар облысының әлеуметтік нысандарына басталды. 1 қазанға дейін оны солтүстік өңірлерде бастау жоспарланған. Белгіленген кестеге сәйкес, 2025 жылға 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 трубинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 6 энергоблокта, 28 қазандықта және 13 трубинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған жұмыстар жалғасып жатыр. 15 300 шақырым электр беру желілері, 363 қосалқы станса және 3 300 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станса жөнделді. Жылумен жабдықтау желілерінде жөндеу жұмыстары жоспарланған 323 шақырым жылу желілерінің 280 шақырымы жөнделді, — деді бірінші вице-премьер.

Оның айтуынша, бірқатар өңірде жөндеу жұмыстарын жеделдету қажет.

Степногорск қаласында жылу желілерін қайта құру 81 пайызға орындалды. 1,6 шақырым жылу желісінің 1,3 шақырымы жөнделді. Орал қаласында3,9 шақырым жылу желісінің 2,5 шақырымы қайта жаңартылды. Аягөз қаласында жылу желілерін жөндеу тек 41 пайыз аяқталды. Ал 5 қазандықтың 3-еуі 70 пайызға, 2 қазандық 25 пайызға дайын. Сәпбаевта бірінші жылу стансасының қазандығының дайындығы орташа есеппен 80 пайыз. Орталықтандырылған қазандықтарда 47 қазандықты жөндеу және жаңарту жоспарланған. 14 қазандықта жұмыс толығымен аяқталды, — деді Роман Скляр.

Осы ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола, Батыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдеріне жөндеу жұмыстарының аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Келесі отырысқа дейін аяқтаңыздар. Жұмыстың сапасы басты назарда болуға тиіс. Тапсырма орындалмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл – барлық өңірге қатысты мәселе. Жылу беру маусымын уақытылы бастау қажет. Ағымдағы ахуалды келесі Үкімет отырысында қарайтын боламыз, — деп ескертті Премьер-министр.

Фото: БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button