Санатсыз

Зейнетақы қорынан 200 млрд теңге заңсыз шешілгені анықталды

Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысында ауқымды жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттіктің ақпаратына сәйкес, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» қаражатты заңсыз шешуге жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды.

Олар елдің әр өңірінде – Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге де қалаларда қағаз жүзінде 30-дан астам стоматологиялық клиника ашып, жалған құжаттар рәсімдеген. Алайда бұл медицина ұйымдарының ғимараттары да, жабдықтары да, білікті қызметкерлері де болмаған. Клиника басшыларының медициналық білімі де жоқ екені анықталды.

Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін сыйақы ұстап отырған. Ал айналымнан шығарылған қаражат көлемі 200 млрд теңгеден асты.

Қылмыстық топтар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін 226 «дропперді» пайдаланған. Зейнетақы салымшыларының есебінен күдіктілер 600 млн теңгеден асатын 15 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade), сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған.

Қазіргі уақытта 59 тінту жүргізілді, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуда. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру жалғасып жатыр.

Тергеу барысында тек заңсыз схема ұйымдастырушыларының әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні атап өтілді. Өзінің жинақталған зейнетақы қаражатын алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Сонымен бірге ведомство ұсталғандардың қорғану құқығы бұзылды деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Барлық процессуалдық әрекеттер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуде, күдіктілердің адвокаттарымен байланысы шектелмеген. ҚМА қызметкерлерінің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда адвокаттар мен күдіктілер сотқа немесе прокуратураға шағымдана алады», – деп хабарлады агенттік.

Агенттік БАҚ өкілдерін тексерілмеген мәліметтерді жарияламауға, тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.

Коллаж: Astana TV

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button