Қоғам

Бишімбаев ісі: ІІМ тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев экс-министр Қуандық Бишібаевтың ісіне қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni.

Министрдің орынбасары аталған қылмыстық іске қатысты «тергеушілер жиі ауысып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ондай мәлімет жарияланбайды. Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар… (Қылмыстық істі) жалғыз бір адам тергемейді, бір топ маман тергеуі мүмкін, – деді Марат Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Сондай-ақ ІІМ өкілі жәбірленушінің денесіне сараптама жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сот медициналық сараптамасы әдетте бір ай бойы жүргізіледі, – деді министрдің орынбасары.

Марат Қожаев бүгінде бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

Бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын білесіздер. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның нәтижесінде адамның кінәсі анықталып, ол жауапқа тартылады. Қазір сіздерге басқа мәлімет айта алмаймын. Бұл – заң талабы, – деді ол.

Еске салайық, 9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде болған жанжалдан кейін әйел адам қайтыс болды. Марқұм алған ауыр жарақат салдарынан көз жұмған. Ішкі істер министрлігі «Bau» мейрамханасында болған қайғылы жағдайға қатысты Ұлттық экономика министрі лауазымын атқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын, қамауға алынғанын растады.

Елордалық полиция департаменті мейрамханадағы адам өлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-тармағы бойынша тергелетінін мәлімдеді. Бұл бапта «Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату – сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген.

Одан бөлек, Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты Астанадағы «Гастро орталық» директоры 2 айға қамауға алынды.

Коллаж: Ulysmedia

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button