Елордада бокстан ерлер арасындағы спартакиада басталды
Туризм және спорт министрлігі Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде бокстан әр төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын ерлер арасындағы Спартакиада басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Байрақты бокс бәсекесінде әлем чемпиондары – Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және барлық өңірден жиналған 250-ден астам былғары қолғап шебері сынға түсіп жатыр.
Жекпе-жектер олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг) дәрежесінде жеңімпаздарды анықтайды.
VI жазғы Спартакиаданың алғашқы жарыс күнінде 48, 54, 67, 75, 86 кг салмақтағы спортшылар 1/8 финалдың жекпе-жектерін өткізді.
Турнир барысында ел чемпионы Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Elorda Cup бәсекесінің жеңімпазы Тимур Қабдеш (54 кг), жастар арасында Қазақстан чемпионы Армат Арманұлы (75 кг), Тимур Нұрсейітов (75 кг), Аманбек Қазанғапов (86 кг) сынды боксшылар жарысты сәтті бастады. Ал 75 келідегі фавориттердің бірі саналған Аятулла Тәкіжанов тартысты кездесуде жастар арасындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқаровтан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Бүгін 51, 57, 60, 71 келідегі боксшылар сынға түседі. Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жегін Qazsport телеарнасы күндізгі сағат 12:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық жекпе-жектер 19 қарашаға жоспарланған.
Фото: ТСМ