Қазақстан мен Еуроодақ қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдету жолдарын талқылады
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельде Ішкі істер бойынша Еуропалық Комиссар Ильва Йоханссонмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды бастау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
Мұрат Нұртілеу сұхбаттасын Қазақстанның визалық саясаты, ҚР тарапынан ЕО үшін көші-қон тәуекелдерінің болмауы, Қазақстан Үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар және осы бағыттағы жұмыстың басқа да маңызды аспектілері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті, – делінген Сыртқы істер министрлігінің таратқан ақпаратында.
Өз кезегінде Ильва Йоханссон Еуроодақ Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін және тараптардың азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ұмтылатынын мәлімдеген.
Еурокомиссардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі тұрақты мәдени-гуманитарлық алмасуды қолдау, – деп атап өтті министрлік.
ҚР СІМ басшысы визалық режимді жеңілдету қазақстандықтардың үмітіне жауап беріп қана қоймай, ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың барлық кешенін дамытуға елеулі серпін беретінін атап өткен.
2017 жылдан бастап Қазақстан ЕО-ның барлық мемлекеттерінің азаматтары үшін іскерлік ынтымақтастықты, туризмді және адами байланыстарды дамыту үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді.
Визалық режимді жеңілдету қажетті құжаттар тізімін қысқартуды, визалардың ұзақтығы мен жиілігін арттыруды және т.б. қамтиды.
Фото: ашық дереккөз