Қоғам

«Оттамасын!»: АШМ жердің Қытайға сатылып жатқанын жоққа шығарды

Журналист Ерлан Мазан өзінің Facebook-тегі парақшасына Қазақстан жерінің Қытайға сатылып жатқанын жазғаны сол еді, Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы дереу үн қатып, эмоциясын жасыра алмай қалды, деп хабарлады Qazaqinfo.kz.

Ойда-жоқта Қытайдағы жер жалдау сайтына тап болып, таңқалдым. Әлгі Жер кодексі арқылы шетелдіктерге жалға берілмейтін болып шешілген ауылшаруашылық мақсатындағы қазақтың жері ол сайтта арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр. Бұл енді барып тұрған бассыздық қой! – деп жазды журналист.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Аспан бұл ақпарат қауесет екенін айта келе:

Оттамасын! Алақандай жер болса да шетелдіктерге сатылмайды және жалға да берілмейді! ҚР Жер кодексінің 24-бабына сай Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынған. Тіпті шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына жер берілмейді! – деп салды ол.

Сондай-ақ Жер комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов та өз жауабын жазды.

Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз. Сонымен қатар, Кодекстің 38-бабының 5-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (субарендаға) беруге жол берiлмейдi.

Егер кез келген субъектілер тарапынан аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда оларға жол берген субъектілер заңнама талаптарына сәйкес жауапқа тартылады және бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында, – деді ол.

Фото: pixabay

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button