Қарағандыда ықшам аудан тұрғындары 6 жылдан бері жарықсыз отыр (ВИДЕО)
2017 жылдан бері жарықсыз отырған Қарағанды қаласындағы Күнгей-3 ықшам ауданының тұрғындары мұңын шақты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz «Хабар24» телеарнасына сілтеме жасап.
Күнгей-3 ықшам ауданының тұрғыны — үш баланың анасы Әлия Халелованың айтуынша, тұрғындар болып жарық мәселесін талай рет әкімдікке айтқан. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін табар емес.
Қаланың іргесінде тұрып жарық жоқ.Үтік, теледидар пайдалана алмаймыз. Жазда бізге тоңазытқыш өте қажет. Әкімшілікке өзіміз де жаздық, көрші-маңай болып жиналып та жаздық. Жыл сайын бізге уәде береді. Әлі берген жоқ. 2017 жылдан бастап тоқсыз келе жатырмыз», — дейді аудан тұрғыны Әлия Хәлелова.
Телеарнаның ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы заң талабы басқа болып, 30-ға жуық отбасы заманауи инфрақұрылым тартылмаған жерлерден жер сатып алып, жаппай үй салған. Тұрғындардың талабынан кейін осыдан үш жыл бұрын ауданда тоқ тарту жұмыстары басталған. Алайда аяқсыз қалған.
Қаражатқа байланысты біз шектелдік. Қазіргі таңда біз қала басшылығына сәйкесінше өтінімдер береміз, қаражатты ұлғайту бойынша. Егер мәселе оң қаралса, онда Күнгей-3 қарастырылады міндетті түрде. Ал қазіргі таңда мен жыл соңына дейін жарықтандыру болады деп айта алмаймын, — қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев.
Телеарнаның мәліметінше, биыл қала көшелерін жарықтандыруға бюджеттен 700 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ Күнгей ауданы бұл тізімге енбеген.
Фото: видеодан скриншот