Алматы жұртшылығы қаламгер Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды

Алматы жұрты көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековпен қоштасты. Қаралы жиында қазақтың танымал тұлғалары қимас ойларын айтып, қаламгер жайлы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.
83 жасына қараған шағында қайтыс болған жазушымен қоштасу рәсімі Жазушылар одағында өтті. Қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Сөз алған Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды.
Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын! – делінген көңіл айту хатында.
Жазушының туыстарына Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың, облыс әкімдерінің көңіл айту хаттары табыс етілді.
Марқұмның құрдастары, қазақтың қабырғалы қаламгерлері Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеұлы, әйгілі актер Асанәлі Әшімов бастаған азаматтар қимас естеліктерін айтты.
Фото: Qaz365.kz/Бауыржан Карипов