Санатсыз

Наурызнама — еліміз үшін маңызды ұлттық құндылық

Наурыз — бұл тек көктемнің жаршысы ғана емес, сонымен қатар адамзат тарихында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан маңызды мәдени-рухани дәстүрлердің бірі. Әсіресе, Қазақстан үшін Наурыз айрықша маңызға ие, себебі бұл күндер халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан құндылықтарын, тарихын, мәдениетін, ұлттың ынтымағын әрі татулығын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Наурыз — бұл табиғаттың жаңаруы, адамдардың жаңа бастамаларға деген үміттері мен тілек-армандарын білдіретін уақыт.

Елімізде Наурыздың маңызы тек ұлттық мереке ретінде ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және рухани құндылықтарды нығайтатын маңызды кезең ретінде бағаланады. Наурыз мерекесі-бұл бірліктің, ынтымақ пен достықтың мерекесі. Қазақстан-көпұлтты мемлекет. Осы тұрғыда Наурыздың әлеуметтік маңызы ерекше. Наурыз күні тек қазақ халқы ғана емес, елімізде тұратын барлық этностар мен ұлттар бірдей тойлап, өзара сыйластық, түсіністік пен ынтымақтастықтың символын көрсетеді.

Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, Наурыз мерекесі халық арасында ұлттық татулықты нығайтып, ұлттар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Бұл күндері әртүрлі ұлт өкілдері бір-біріне ізгі ниет білдіріп, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерін, тарихын құрметтейді.

Наурызды тойлау барысында жас ұрпаққа ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері мен мәдени мұрасын сақтап, оларды бағалауды үйрету мақсатында түрлі мәдени және рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл ұлттық сана-сезімді нығайтуға, жас ұрпақтың өз тарихы мен мәдениетін құрметтеуге, оны келер ұрпақтарға жеткізуге бағытталған маңызды шара болып табылады.

Осы жайтты ескере отыра, Заң факультеті  азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасы  да атаулы мерекені атап өтті. Әріптестермен ізгі ниет білдіріп, амандасып, қыстан аман-есен шыққанымызбен бір-бірімізді құттықтадық.

Кафедрамыздың білім алушы жастарына Наурызнаманы барынша түсіндіруге тырыстық. Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші. Кафедрада Наурыз туралы арнайы дәрістер, ашық сабақтар өткізу арқылы білім алушыларға  бұл мейрамға деген қызығушылығын ояттық деп айтуға толық негіз бар. Наурызнаманы жастар санасына сіңіру – ұлттық мәдениетті сақтаудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды жолы. Бұл үшін дәстүр мен заманауи технологияларды біріктіріп, жастардың қызығушылығын оятатын жаңа форматтар енгізу қажет деп есептеймін. Егер жас ұрпақ Наурыздың тек мереке ғана емес, ұлттық жаңғыру мен рухани бірігудің символы екенін терең түсінсе, онда бұл мейрамның мәңгілік болары сөзсіз.

Наурыз – қазақ халқының мәдени мұрасы мен ұлттық бірегейлігінің маңызды бөлігі. “Наурызнама” мерекелік бағдарламасы Наурызды тек бір күндік емес, он күнге созылған рухани, мәдени және әлеуметтік жаңғыру кезеңіне айналдырды. Бұл бастама халқымыздың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға үлкен бастама деп санаймын.

С. Сулейменова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті азаматтық құқық және

азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының

меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор

Фото: Zakon.kz

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button