Шымкентте балаларға қол көтерген дін қызметкері жұмыстан шығарылды
Әлеуметтік желіде мектеп жасындағы кішкентай екі баланың дене жарақатын алған видеосы таралып жатыр. Кейбір оқырмандар бұл оқиға медреседе болған деген пікір жазуда. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы оқиғаның анық-қанығына көз жеткізген. ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының мәліметінше, оқиға Шымкент қаласында болған.
Оқи отырыңыз: Шымкент қаласының медресесінде балаларды ұрып-соққан
Оның айтуынша, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары яғни ағалы-інілі бауырлар «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазынан ұлдарына үй жағдайында діни сабақ беруді өтінген.
Өкінішке қарай, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған. Біріншіден, бұл оқиға медреседе болмаған. Екіншіден, «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды» деген пікір шындыққа жанаспайды. Осы ретте оқырмандардан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, алдын ала болжам айтуға асықпауды сұраймыз. Өкінішке қарай, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы кәмелетке толмаған балаларды үй жағдайында оқытып, оларға қол жұмсап, дін қызметкерінің этикасын (мұсылмандық, ұстаздық әдепті сақтамау, өзгелерге зиян тигізу т.б.) қатаң бұзған, — деп жазады ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook-тегі парақшасында.
Баспасөз хатшысының сөзінше, ҚМДБ осы оқиғадан тиісті қорытынды шығарып, өрескел әрекетке жол берген дін қызметкерлеріне қатысты шара қолданған.
2023 жылғы 15 маусымда Бас мүфти бұйрығымен «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы қызметінен босатылды, — дейді Ағабек Қоңырбай.
Баспасөз хатшысының жазуынша, қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда.
Фото: видеодан скриншот