Түркі елдерінің «Электрондық үкіметтері» өзара біріктірілетін болды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарихи деуге тұрарлық халықаралық құжаттың жобасын ұсынды. Ол «Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің электрондық үкіметтерін интеграциялау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім» деп аталады.
Бұл туралы inbusiness.kz жазды.
Министрліктің түсіндіруінше, халықаралық құжат бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, түркі мемлекеттерінің цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастығын дамытады.
Екіншіден, түркі елдерінің мемлекетаралық ақпараттық жүйелерін интеграциялайды. Осы мақсатта ТМҰ елдері цифрлық әлеуетті бірлесе дамытады, осы салада тәжірибе алмасады. Мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін бірлесе оңтайландырады.
Үшіншіден, электрондық үкіметтерді интеграциялаудың және өңірді дамытудың жалпы күн тәртібін бірлесе қалыптастырады.
Төртіншіден, әрбір елдегі қоғамның цифрлық дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде кедергілерді еңсеруге бір біріне жәрдем көрсетеді.
Бесіншіден, озық технологиялар түркі елдерінің тұрақты дамуына қызмет етуі үшін ортақ күш-жігер бағыттайтын болады.
Жалпы, болашақта түркі мемлекеттерінің азаматтары осы кез келген елде мемқызметті тез әрі ыңғайлы алуы үшін ТМҰ-ға мүше елдердің электрондық үкімет порталдары бір платформаға көшуі де мүмкін.
Фото: the-steppe.com
Осы келісімге қатысы бар «Жібек жолы инновациялық орталығының» бас директоры Әсет Әбдуәлиевтің айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің электрондық үкіметтерін интеграциялау олардың бәріне пайда әкеледі. Мысалы, ол арқылы көші-қон процесін реттеуге болады. Айталық, қазақстандықтарға Түркияда уақытша не тұрақты тұру ықтиярхатын алу жеңілдеуге тиіс.
Сонымен қатар бұл халыққа да, бизнеске де тиімділік әкеледі. Ұйымға кіретін мемлекеттерде қосарлама салық салуға жол берілмейді. Салық және басқа органдар осы елдердің бірінен келген азаматтың қандай дүние-мүлкі барын біле алады. Өзара ақпарат алмасу жеңілдейді. Мұның қылмыспен, әсіресе, жемқорлықпен, ұрлықпен, алаяқтықпен күреске игі ықпалы болары сөзсіз.
Осы Келісімнің мақсаты – түркі елдерінің орнықты дамуы мен мемлекетаралық саясатын нығайту үшін, оның ішінде қатысушы елдер арасындағы электрондық үкіметтің интеграциялық порталдарын кеңейту үшін және мемлекеттік қызметтердің ТМҰ шекараларында қолжетімділігін барынша арттыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру болып табылады, – делінген келісім жобасында.
Құжатқа сәйкес, цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық келесі бағыттарға таралады:
- ақпараттық технологиялар мен ақпараттық жүйелерді дамыту;
- порталдарды интеграциялау жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде жобаларды әзірлеу;
- түркі елдерінің цифрлық технологиялар саласына инвестиция салу;
- мемлекеттерге цифрлық технологиялар жөніндегі ұлттық заңнамаларын дамытуға, үйлестіруге жәрдемдесу;
- бірлескен семинарлар, конференциялар, форумдар мен көрмелер өткізу, цифрлық технологияларды қолдану және дамыту бағытында мамандардың тәжірибе алмасуы;
- өзара келісім бойынша басқа да мәселелерді қамтиды.
Қазіргі кезде түркітілдес елдің әрқайсысы әртүрлі платформаларды пайдаланады. Сарапшылардың айтуынша, оларды өзара кіріктіру оңай шаруа болмайын деп тұр. Сол себепті электрондық үкіметтерді (ЭҮ) интеграциялаудың бірнеше тетіктері іске асырылады.
Біріншіден, ұйымға мүше елдер ЭҮ интеграциялаумен айналысатын арнаулы жұмыс топтарын құрады. Олардың құрамына уәкілетті меморгандардың, салалық ұйымдардың өкілдері және техникалық сарапшылар кіреді.
Жұмыс топтарының мүшелері тек оффлайн, бетпе-бет қана емес, сонымен бірге онлайн да кездесіп отырады. Басты шарт – құпиялылықты сақтау. Келісімде бұған баса мән берілген: тараптардың өкілдері, сарапшылары мен мамандары бірлескен қызмет аясында өзара құпия ақпараттарды мұқият қорғауға, сондай-ақ ешбір үшінші тарапқа таратпауға міндеттеледі.
Бұл жерде әсіресе, түркі әлемінің бірігуін қаламайтын Қытайдың, Мәскеудің сұғанақ қолдарын сұғуынан сақ болған маңызды. Оның үстіне Орталық Азия елдері мен Қазақстанның өтініші бойынша ұйымның өзара қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілі белгіленген. Тиісінше, осы келісімнің ережелерін іске асыру мәселелері бойынша ТМҰ мүше мемлекеттері арасындағы хат алмасу да орыс тілінде жүзеге асырылады.
Екіншіден, «Электрондық үкіметтерді интеграциялаудың Архитектурасы» жұмыс тобының отырысы аясында уәкілетті мемлекеттік органдардың келісуіне шығарылатын болады.
Әйтпесе, мысалы, екі жыл бұрын Қазақстанда eGov.kz порталын ресейлік Сбердің жасаған тұғырнамасына көшіру талабы қоғамымызды дүр сілкіндіріп, жаппай наразылық тудырған еді.
Үшіншіден, өзара іс-қимыл тәртібі, Электрондық үкіметтерді интеграциялау жөніндегі бастамаларды іске асыру жөніндегі жоспар жауапты меморгандар айқындайтын уәкілетті ұйымдар арасындағы жекелеген келісіммен регламенттелетін болады.
Сөз болып отырған келісімге Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан қол қойып, парламенттері ратификациялайды деп күтілуде. Яғни, бастапқы кезеңде осы бес мемлекеттің е-Үкіметтері өзара кірігеді.
Бірақ құжатта келісімнің барлық өзге түркі елдері үшін ашық болатыны қадап айтылған. Әңгіме Мажарстан (Венгрия), Түрікменстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы туралы болып отыр. Бағы жанып жатса, бүгінде бодандық қамытын сүйреп жүрген түркі елдерді де болашақта бостан, азат болып, ұйымның төріне көтерілуі ғажап емес.
Dergipark.org.tr түркиялық порталының дерегінше, көрші Ресей Федерациясында алтайлықтар, татарлар, башқұрттар, хакастар, тувалықтар, якуттар, қарашайлар, балқарлар, құмықтар, ноғайлар, чуваштар, тофалар, қарағастар және басқа да түркі халықтары тұрып жатыр. Алайда олардың тіпті төл республикалары барларына да түркі ұйымдарына қатысуына Мәскеу шектеу қойып тастаған екен.
Белгілі болғанындай, түркі мемлекеттері электронды үкіметтерін интеграциялаумен шектелмейді.
Олар «Түркі метаәлемін» («Тюркская метавселенная») құруға кірісті. Осы мақсатта таяуда, биылғы 21 маусымда, Астанада ТМҰ мүше елдерінің ақпараттық-коммуникациялық технологияларға жауапты министрлерінің жабық саммиті өтті. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің цифрлық сала мамандары қатысты.
Жиында электрондық үкіметтерді өзара кіріктіру, ұлттық тәжірибеге мемлекеттік технологияларды енгізу үшін озық цифрлық технологияларды зерттеу мен әзірлеу, ортақ «Түркі метаәлемін» түзу, АҚШ-та «Түркі IT-үйін» және «Түркі венчурлық қорын» құру мәселелері талқыланды.
Фото: gov.kz
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі үлкен мән беріп отыр. Былтыр 11 қарашада өткен ТМҰ жоғары деңгейдегі саммитінде Қ.Тоқаев осы іске Қазақстанның да ұсына алатын игіліктері, инновациялық және цифрлық экожүйелері барын алға тартты. Мемлекет басшысы «Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркінде цифрландыру орталығын құруды ұсынды. Ал халықаралық деңгейде ТМҰ Цифрлық орталығын құру жоспарланып отыр.
Мұндағы түпкі мақсат: азаматтарымыздың, бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын неғұрлым қарапайым қылу және адамдарға бағдарлау болмақ.
Фото: trtavaz.com.tr
ТМҰ Бас хатшысы Бағдад Әміреевтің айтуынша, түркі елдері сауда мен инвестициялардан бастап, кеден және көлік секторларында бизнес-процестерді қамтитын көпжақты электрондық сауда платформасын құруға ниетті.
Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер биылғы саммитінде «Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің үкіметтері арасындағы Цифрландыру орталығын құру жөніндегі келісімге», «Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің электрондық құжат айналымы және цифрлық қолтаңбаларын өзара тану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге» қол қояды деп күтілуде.
ТМҰ оныншы, мерейтойлық саммиті биылғы қазанда Түркістан қаласында өтеді.
Фото: ortalyq.kz