Аймақ

Жетісуда балалар лагерінде психикалық дертке шалдыққан дәрігер жұмыс істеген

Жетісу облысында 9 балалар лагерінің қызметіне тексеру жүргізіліп, олардың жағдайы заң талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Облыстық прокуратура мәліметінше, «Қарлығаш» лагерінде (Көксу ауданы) санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қайшы, балаларға арналған азық-түлік ветеринариялық-санитарлық сараптама және қауіпсіздік сертификаттарынсыз сатып алынған. Балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Ас мәзірінде жаңа піскен көкөністерден жасалған тағамдар қарастырылмаған.

Лагерьлердің барлығында дерлік өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмайды. Алғашқы өрт сөндіру құралдары – өрт сөндіргіштер мен өрт гидранттары жоқ, өрт кезінде эвакуациялық жолдардың кедергісіз шығуы қамтамасыз етілмеген. Кейбір лагерьлерде мерзімі өткен дәрі-дәрмектер сақталған, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, балалардың лагерьлерде тұруы мен бос уақытын өткізу жағдайы да техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болды.

Негізгі (ғимараттар, үйлер) және қосалқы (ас үй, жуынатын бөлмелер және т.б.) лагерь ғимараттары тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді. «Шағала» лагерінде (Алакөл ауданы) ойын-сауықтыру кешендері мүлдем жоқ, – деп мәлім етті ведомство.

Сонымен қатар Текелі қаласындағы лагерьлердің бірінде «Параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері анықталды.

Тексеру іс-шаралары жалғасып жатыр.

Фото: pixabay

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Мұны да оқи аласыз
Close
Back to top button