Астанада бұрынғы инкассатор банкоматтан ақша ұрлады деген күдікке ілінді
Астанада бұрынғы инкассатор банкоматтан ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы аудандық Полиция басқармасына банк өкілі хабарласып, банкоматтан ақша ұрланғанын хабарлаған. Тергеу барысында ұрлық биылғы тамыз айында жасалғаны белгілі болған. Яғни 5 айға жуық уақыттан кейін жүргізілген тексеру барысында 3 миллион 760 мың теңге көлеміндегі ірі қаржы тапшылығы анықталған.
Бейнебақылау камераларын қарап шыққан тәртіп сақшылары банкоматтан ақша ұрлаған күдіктінің ізіне түскен. Бейнежазбада таң азаннан капюшонмен бетін мықтап жауып алған ер адамның банк филиалының ғимаратына қалай кіргені көрсетілген. Сөйтіп белгісіз біреу банк аппаратын ашып, қолма-қол ақша салынған дискілерді алып кеткен.
Жедел іздестіру шаралары барысында ұрлыққа бұрынғы инкассатордың қатысы бар екені белгілі болған. Бұған дейін 27 жастағы күдікті 2 ай жұмыс істеп, ақша тасымалдаумен айналысқан. Ол жұмыстан шыққаннан кейін банкоматтың кіру кодтарын білетін болғандықтан ақша ұрлауға бел буған.
Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ер адам кінәсін мойындады.