Мәдениет

Қарақалпақ әншісі Махсетбай Өтемұратов елордада концерт өткізді

Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында әнші, Өзбекстан мен Қарақалпақстан Республикаларының еңбек сіңірген әртісі Махсетбай Өтемұратов «Мен ауылды сағындым» атты концерт берді.

Ән кешінде Махсетбай Өтемұратов өз шығармашылығындағы халық арасына кең тараған туындыларды орындады. Қазақ әндерін де нақышына келтіре шырқады.

Концертте Астанадағы «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің бишілері өнер көрсетті. Сондай-ақ «Qazaqstan дауысы» жобасының II маусымында финалда бақ сынап жатқан Қарақалпақстанда тұратын талантты қандасымыз, баритон дауысты Мұса Марат ән айтты. Махсетбай Өтемұратов Мұса Маратқа өзінің айтулы кештерде киген костюмін тарту етті.

Айта кетейік, Махсетбай Өтемұратов 2001 жылы Өзбекстан Республикасы Президентінің жас таланттарға арналған «Нихол» сыйлығының лауреаты атанды. 2005 жылы «Қарақалпақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атағын алса, 2011 жылы «Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атанды. Ол көптен халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүр. Күні кеше ғана қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында халықаралық іс-шараларға қолдау көрсетіп, бауырлас елдерде оның шығармаларын кеңінен насихаттауға, екіжақты мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президентінің Алғысхатымен марапатталды. Сондай-ақ Алматыда өткен «Жыл адамы» байқауында «Алтын адам» аталымын иеленді. Әнші бүгінде Нөкіс қаласындағы Қарақалпақстан көркемөнер сарайының директоры.

Бұл кеш елордада 2016 жылы ашылған «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп отыр. Аталған бірлестік қарақалпақ мәдениетін насихаттау мақсатында түрлі мәдени, қайырымдылық іс-шараларын өткізіп келеді. Бірлестік құрамындағы «Жайхун» би ансамблі мен жас әншілер де түрлі сахналарда өнер көрсетіп жүр.

«Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрайымы Тазабике Салиева қос халықтың достығы жайлы жылы пікір білдірді.

Бізде әнді «қосық» деп айтады. Домбырамен ән айтуды дутармен бақсылардың ән айтуымен салыстыруға болады. Батырлардың жыр-эпосын қобызбен орындайды, — деді ол.

Концертке Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігі қызметкерлері де қатысты.

Дерекөз: Kazinform.kz

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button