Қоғам

Мәжіліс депутаты ана капиталын жасақтайтын уақыт жеткенін айтты

Еліміздегі демографиялық ахуалды реттеу үшін аналардың жағдайын жасау қажет. Лайықты, әділетті ана капиталын жасақтау – кезек күттірмейтін мәселе. Мәжілістің жалпы отырысында осылай деген депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров бала босанғаннан кейінгі өтемақы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Елімізде бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1-3 балаға 140 теңге, төрт, одан көп балаға 232 мың теңгені құрайды. Бірақ, шынына келсек, бұл – әйелге өтемақы емес, баланың күтіміне берілетін сома. Ал, Ресейдің ана капиталының сомасы бірінші балаға 639-мың рубль – 3 млн 195 мың теңге, екінші балаға 883 мың рубль – 7 млн теңгеге тең. Біздің өтемақымен салыстыруға келе ме? Әрине жоқ. Қазақстанға да лайықты, әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті, бұл – кезек күттірмейтін мәселе, – деді Ерлан Саиров.

Экономиканы дамытудың басты қайнар көзі – адам. Ал сол адамды дүниеге әкелетін – біздің нәзік жанды әйелдер. Мемлекеттің басты құндылығы адамды дүниеге әкелетін әйелдер жөнінде мемлекеттік қамқорлық жасап, олардың жан дүниесін аялап, денсаулығына мән беру – басты міндет!

Әйел босанғаннан кейін денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған? Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальцийді көптеп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны медициналық факт. Көпбалалы атанған 543 мың әйелдің барлығының басында бар зор проблема – тістің түсуі. Қазақстандағы стоматологияның бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан, бірінші кезекте көпбалалы аналарға тісін жөндеу үшін бір реттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет, – деді депутат.

Бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіріп, ұстап отырудың мемлекеттік стандарты қажет екендігі айтылды. AMANAT партиясы ана мен бала денсаулығы мемлекеттің ең басты капиталы деп есептейді.

Фото: ашық дереккөз

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button