Қоғам

Елтаңбаны өзгертуге қатысты арнаулы комиссия құрылады

Қаржы министрі Мәди Такиев Елтаңбаны ауыстыруға қатысты шешім қабылдау комиссиясы құрылатынын айтты, деп хабарлайды Qazaqinfo.kz.

Елбаңбаны ауыстыруға қатысты мәселе белгілі бір кезеңнен бері талқыланып келе жатқанын жақсы білесіздер. Президент Ұлттық құрылтайда аталған мәселені талқылауды ұсынды. Мемлекет басшысы егер қоғам бұл мәселеге жаппай қолдау білдірсе, онда оны одан ары талқылау қажеттігін айтты. Ол үшін арнаулы комиссия құрылады. Комиссия аталған мәселені тыңғылықты қарастыратын болады. Егер бұл мәселеге қатысты оң шешім қабылданған жағдайда, шығыстарына қатысты қалған жайттар туындайды, — деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Алайда ведомство басшысы Елтаңбаны ауыстыруға қанша қаржы жұмсалатынын, қандай қаржы көздерінен қаржыландыратынын айтқан жоқ.

Алдымен бірінші мәселені шешіп алайық, одан кейін екіншісін қарастырамыз, — деді министр.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Елтаңбаға қатысты сыни пікірлер айтылып жатқанын мәлім еткен болатын.

Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан.

Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.

Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады, – деді Тоқаев құрылтайда.

Фото: baq.kz

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button