Экономика

Маркетплейстер контрафактінің таралу орнына айналып барады

Әділет органдарының қызметіндегі бағыттардың бірі – зияткерлік меншік құқығын сақтау мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру екендігі белгілі.

Астана қаласы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Әсел Сибагатованың айтуынша, қазіргі таңда құқық иеленушілер тарапынан шағымдар көп түсуде.

Құқық иелері тауарлық белгілерге қатысты жиі шағымданады. Олардың тауарлық белгілерге құқықтары жиі бұзылуда. Атап айтқанда, сатушылар маркетплейстік тауарлардағы тауарлық белгілерді олардың келісімінсіз таңбалау арқылы орналастыру жайттары көптеп орын алған. Жалпы, зияткерлік меншік – бұл заманауи экономиканың ажырамас бөлігі және инновацияның драйвері. Зияткерлік меншікті қорғау мен пайдалану жаңа өнімдерді, технологиялар мен қызметтердің дамуына, өңірлерге инвестиция тарту мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға септігін тигізеді, – дейді Әсел Маратқызы.

Маркетплейстер де бүгінде тауар мен қызметті сатудың барынша қарқынды дамып келе жатқан арналарының біріне айналған.

Маркетплейстердің танымалдылығының өсуі осы платформаларда сатылатын контрафактілік және заңсыз өнім көлемінің ұлғаюына алып келді. Контрафакт көп жағдайда сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкеспейді, сондай-ақ зияткерлік меншік құқығының бұзылуына алып келеді. Бұл құқық иесінің шығынға ұшырауына алып келеді, бәсекелестік пен тұтынушылардың қауіпсіздігін төмендетеді, – деп атап өтті Әсел Сибагатова.

Сонымен қатар «Тауарлық белгілер туралы» ҚР заңының 4-бап 4-тармағына сәйкес, тауар белгісінің иесі оған тиесілі тауар белгісіне қатысты тауар мен қызмет куәлігінде көрсетілген пайдалану мен билік етудің ерекше құқығына ие екендігін ескеру керек. Ешкім Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін иесінің келісімінсіз қолдана алмайды.

Сондай-ақ Әділет департаменті зияткерлік меншік құқығын сақтамау маркетплейстер үшін күрделі салдарға әкелуі мүмкіндігін ескертеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар белгісін заңсыз қолданғаны үшін азаматтық-құқықтық (ҚР АК 9 және 1032-баптары) және әкімшілік («Әкімшілік құқықтық бұзушылықтар туралы» ҚР Кодексінің 158-бабы) және қылмыстық (ҚР ҚК 222-бап) жауапкершілік қарастырылған.

Фото: evo.business

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button