Санатсыз

Наурызнаманы жастарға насихаттау қажет

Наурыз — тек қана көктемнің келуін білдіретін мереке емес, ол ежелден бері халықтың мәдениеті мен дәстүрінің бір бөлшегі, ұлттық құндылықтардың айнасы болып табылады. Наурыз – адамдардың бір-біріне деген ізгі ниетін, ынтымақтастық пен татулықты дәріптейтін уақыт. Бұл мереке халықтар арасындағы келісім мен достықты нығайтуға, ұлттық идентичностьті сақтауға бағытталған маңызды символ. Наурызнаманың маңызын жастарға түсіндіру, олардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру-бүгінгі күні өте өзекті мәселе.

Осы жайтты ескере отыра, Заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы да атаулы мерекені атап өтті. Әріптестермен ізгі ниет білдіріп, амандасып, қыстан аман-есен шыққанымызбен бір-бірімізді құттықтадық. Кафедрамыздың білім алушы жастарына Наурызнаманы барынша түсіндіруге тырыстық. Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші. Олар ұлттық құндылықтарды бойына сіңірсе, елдің болашағы жарқын болмақ.

Бүгінгі таңда жаһандану мен ақпараттық технологиялардың дамуы жастар арасында түрлі мәдениеттер мен дәстүрлерге қызығушылықты арттырғанымен, олардың ұлттық құндылықтарды ұмытпай, ата-бабамыздан жеткен дәстүрлерді сақтауға деген қызығушылығы төмендеп барады. Сондықтан Наурызнаманың маңызын жастар санасына сіңіру өте маңызды.

Наурыз — бұл тек көктемнің және жаңа жылдың символы ғана емес, ол ұлттық тәрбие, бірлік пен келісімнің көрінісі. Бұл мереке жастарға еліміздің тарихы мен мәдениетін, халықтың тұрмысын, ұстанымдарын таныту үшін маңызды құрал бола алады. Қазақ халқының ұлттық болмысы мен философиясы, оның бірлігін білдіретін Наурызды жастарға түсіндіру арқылы оларды тарихымыз бен мәдениетімізді құрметтеуге тәрбиелеуге болады.

Наурыз мерекесі жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің тиімді құралдарының бірі. Әрбір Наурыздың өтетін орны мен салт-дәстүрлері халықтың бірлігін көрсетіп, жастарға ата-баба мұрасын жалғастыруға міндеттейді. Наурыз мерекесін атап өту барысында жастар ұлттық тағамдарымызды дайындап, ұлттық ойындар ойнап, халқымыздың салт-дәстүрлерін бойына сіңіреді. Наурыз, сондай-ақ жастарға еңбекқорлықты, жақсылықты және мейірімділікті үйретеді. Ұлыстың ұлы күнінде бір-біріне көмек көрсету, сыйластық пен құрмет білдіру сияқты қасиеттер жастардың санасына орнығады. Бұл дәстүрлер жастарды қоғамда жауапкершілікпен қарауға, өз-өзін жетілдіруге және елдің дамуына үлес қосуға ынталандырады.

Наурызды жастар арасында танымал ету үшін, оның маңызын түрлі деңгейде насихаттау керек. ҚазҰУ-да Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарға оның тарихи мәні мен тәрбиелік құндылығын түсіндіруге тырыстық. Наурызнаманың маңызын жастар санасына сіңіру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл мереке ұлттық құндылықтарды, тарихты және мәдениетті сақтаудың тиімді жолы болып табылады. Жастарға Наурыздың тарихи мәнін, оның халықтың бірлігі мен татулығындағы рөлін түсіндіру арқылы, оларды ұлттық тәрбие мен мәдениеттің құндылықтарын бағалауға үйретуге болады. Сонымен қатар, жастар Наурызды өздерінің әлеуметтік өмірінде тәжірибе жүзінде қолдана отырып, ұлттық дәстүрлер мен салттарды жандандырады.Наурызды жастар арасында кеңінен насихаттап, оны өздеріне дәстүрге айналдырған кезде, еліміздің болашағы жарқын болады, себебі бұл мереке біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың кепілі.

Г. Куаналиева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті кеден, қаржы және

экологиялық құқық кафедрасының

заң ғылымдарының докторы, профессор

Фото-коллаж: kazpravda.kz

Қатысты мақала

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button