Спорт

Жұмыс орындарында жаттығу – белсенділікті арттыру әдісі

Әкімбек бала кезінен спортқа бейім. Салауатты өмір салтын ұстанатын ол жұмыстағы әріптестеріне жұмыс уақытында сәл үзіліс жасап, жаттығу жасап тұруды ұсынған. Ұсыныс қолдау тауып, бүгінде ұжымның күн тәртібіне енген.

Әкімбек Саурықбаев, Ақпараттық-түсіндіру бөлімінің бас сарапшысы:

– Бала кезден спортты, қозғалысты ұнатамын. Студент кезде еркін жүріп, тұрғанмен, қызметке орналасқаннан кейін таңертеңнен кешке дейін отырып жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан өз басым, таңертең жұмысқа жаяу келіп, күні бойы су ішіп отыруды, кешкі сағат 19.00-ден кейін ауыр тамақ ішпеуді әдетке айналдырдым. Десе де қозғалыс аз. Сондықтан әріптестеріме жұмыс арасында 5-10 минут үзіліс жасап, қарапайым жаттығулар жасап тұруды ұсындым. Басында сәл тосырқағанмен, қазір қалыпты әдетке айналдырдық. Спорттық жаттығулар бір жерде отырып жұмыс істейтін адам үшін денені, мойын-омыртқаны, жалпы денсаулықты, белсенділікті, жұмысқа деген ынтаны күні бойы тонуста ұстау үшін өте қажет деп ойлаймын.

Қазірде Орталық қызметкерлерінің арасында Әкімбектің ұсынысын қолдаушылар қатары көбейіп келеді.

Дамира Нұрланқызы, экономист:

Қазіргі уақытта көбіміз бір орында отырып, компьютер алдында жұмыс істейміз. Миға, мойын омыртқа бөлігіне түсетін салмақ көп, қозғалыс шектеулі, соның салдарынан өмір сүру белсенділігі төмендеп, денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Осы тұрғыда әріптесіміздің ұсынысы көптің ойындағыны дөп басты.

Азамат Хамитұлы, инженер-әкімгер:

Расында, кейбір жаттығуларды жұмыс орнында отырып жасау жұмыс уақытына соншалық кедергі келтірмейді. Кейде әр сағат сайын, болмаса 2 сағат сайын жұмыс арасында 5-10 минут жаттығу жасап аламыз. Нәтижесінде, ағза нығайып, физикалық белсенділік арта түскенін байқаймыз.

Расында, қимыл белсенділігі – қозғалыс, бұл – салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты. Ал, салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Қозғалысты, қимыл белсенділігін дұрыс ұйымдастыру ағзаның жұмысқа қабілеттігін жоғарылатады, түрлі ауруларға төзімділігін арттырады. Сондықтан, Әкімбектің ұсынысын біз де қолдаймыз. Еліміздегі барлық жұмыс орындарында қызметкерлер денсаулығын қорғау осылай жүзеге асса – құба-құп!

Аянхан ҮМБЕТ,

Astana IT University

2 курс студенті

Фото: sport.pibig.info

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button