Елорда көшелерінің біріне Шайсұлтан Шаяхметов есімін беру мәселесі пысықталады
Елорда көшелерінің біріне мемлекет және қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметов есімін беру мәселесі пысықталады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.kz.
«Бүгінгі таңда елімізде объектілерге, көшелерге атау беру және олардың атауларын өзгерту жұмыстарында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген, Республикалық ономастика комиссиясы бекіткен «Тарихи тұлғалар» тізімі басшылыққа алынады. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда ономастика саласы бойынша берген тапсырмасына сәйкес, аталған тізім 2023 жылы жаңартылып, 2024 жылғы 24 қаңтарда Республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, бекітілді. Тізімге елімізге белгілі тарихи тұлға Ш.Шаяхметовтің есімі де енгізілді», — деді вице-премьер жауабында.
Оның атап өтуінше, ономастикалық объектілерге атау беру және олардың атауларын өзгерту барысында басшылыққа алу үшін тізім жергілікті әкімдіктерге жіберілді.
«Осыған байланысты елорда көшелерінің біріне Ш.Шаяхметовтің есімін беру туралы мәселесін Астана қаласының әкімдігі заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес пысықтайтын болады. Мемлекеттік меншік объектілеріне атау беру (атауын өзгерту) мәселесі Үкіметтің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысымен регламенттелген. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың өңірлік біліктілікті арттыру институттары әділет органдарында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалдары (бұдан әрі – «Өрлеу» БАҰО) түрінде тіркелген. Азаматтық кодекстің 43-бабының 3-тармағына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлға болып табылмайды. Осыған байланысты Алматы қаласындағы «Өрлеу» БАҰО филиалына ғалымның есімін беру мүмкін болмайды», — деді Тамара Дүйсенова.
Үкімет басшысының орынбасарының дерегінше, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Ш.Шаяхметов атындағы атаулы стипендияны осы жылғы 1 қыркүйектен бастап беруді жоспарлап тыр. Атаулы стипендияның мөлшері және оларды төлеу тәртібі туралы мәселелер биыл наурызда университеттің Ғылыми кеңесінің отырысында қаралады.
Фото: astana-akshamy.kz