Қоғам

Топырақ құнарлылығын арттыру – мол өнім кепілі

Алматының ірі қонақ үйлерінің бірі «Интерконтинентальда» әлемнің 11 елінен 60-тан астам топырақтану, агроөндіріс салаларының майталман мамандары бас қосты. Басқосуда Орталық Азия елдерінде жасыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін ластанған ауылшаруашылық топырағының био және фиторемедиациялық технологиялары кеңінен талқыланды.

Кеңес дәуірінде қолданылған пестицидтер ығыстырылып, орнына зиянсыз, залалы төмен биопестицидтер Қазақстанға енгізіліп жатыр. Әзірбайжан, Қырғызстан, Швейцария, Германия, Чехия, Ресей, Италия елдерінен келген ғалымдар өз елдеріндегі топырақ тану, топырақты өңдеу барысындағы тың жаңалықтарын ортаға салды.

Конференцияның мақсаты – ескірген пестицидтермен, тұрақты органикалық ластаушылармен (ТОЛ) байланысты проблемалардың шешімін табу бойынша бірлескен күш-жігерді арттыру, қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, зиянкестермен күресуге (IPM) кешенді және экологиялық таза шешімдерді пайдалану, Қазақстандағы және басқа да Орталық Азия елдеріндегі фермерлердің пестицидтерді пайдалануды азайту. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Жаһандық экологиялық қор (GEF) және Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Орталық Азия елдері мен Түркиядағы ТОЛ пестицидтерді жою және пестицидтердің өмірлік циклін басқару» бірлескен жобасы аясында ұйымдастырған конференцияға әртүрлі елдердің сарапшылары, ФАО халықаралық кеңесшілері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, тиісті мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Форум аясында сарапшылар аймақтағы ФАО жобаларының нәтижелерімен, ластанған ауыл шаруашылығы топырақтарын қалпына келтіру және қауіпсіз өндіріске көшудің заманауи тәсілдерімен, сондай-ақ пестицидтердің қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін азайту мақсатында ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану тәжірибесімен танысты. Аталмыш конференция барысында күн тәртібінде аймақтағы ауылшаруашылық топырақтарын қалпына келтіру шешімдерін ілгерілететін Орталық Азия елдерінің жұмыс тобын құру, сондай-ақ био-фиторемедиация және басқа да экологиялық таза шешімдерді одан әрі дамыту және кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселесі қарастырылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың басында Италияның астанасы Римде ФАО бас директоры Цю Донгюмен кездесуінде Қазақстанда Орталық Азия үшін ФАО-ның субөңірлік кеңсесін құруды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына жәрдем көрсетудің маңыздылығын атап өтіп, Республикамыздың астық пен ұн өндірушілердің алғашқы ондығына кіретіндіктен, бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ниетті екенін атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінде көптеген ауылшаруашылық аймақтарының топырағы ТОЛ және пестицидтермен ластанған, бұл экологиялық және экономикалық қауіптерді тудырады, сонымен қатар ЕО нарықтарына азық-түлік экспортын кеңейтуге кедергі келтіруде. ФАО қолдауымен Қырғызстан мен Қазақстанда ТОЛ және ауыр металдармен ластанған топырақтарды биоремедиация және фиторемедиациялау бойынша сынақтар жүргізіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Жиынға қатысушылар ФАО ұсынымдарын қолдану барысында алынған нәтижемен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Конференция делегаттары ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша қосымша іс-шараларға қатысады, пестицидтердің өмірлік циклін басқару бойынша ФАО-ГЭФ жобасының нәтижелерін талқылайды және Қазақстанда ФАО-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан пилоттық нысандарды аралады.

Алматы облысына қарасты  Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би кентінде «Жеміс» шаруа қожалығының алма бақтарын БАҚ өкілдері мен конференцияға қатысқан спикерлер де аралады. Онда ФАО ұсынған экологиялық таза кешенді өсімдіктерді қорғау әдістемесін қолдану арқылы зиянкестермен күресу шараларының нәтижелері көрсетілді. Былтырғы жылы басталған тәжірибе пестицидтерді минималды қолдануға және балама химиялық емес әдістерге негізделген. Сондай-ақ қонақтарға дрон қолдану арқылы егістіктерге бүрку процесі көрсетілді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып табылады, ол мүше елдер тап болған ауыл шаруашылығын дамытудың жаһандық мәселелерін шешу, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың жоғары сапалы азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін құрылған. ФАО-ға 194-тен астам ел мүше және ол ұйым әлемнің 130-дан астам елінде жұмыс істейді. Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестік Қазақстан ФАО-ға 1997 жылы қосылғаннан бері дамып келеді.

Егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға топырақ құнарлылығын арттыру, өндірістің озық технологиясын енгізу, жерді химияландыру, яғни тыңайтқыштарды пайдалану, егістік жерлердің құрылымын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады.

Агроэкожүйенің негізгі базисі – топырақ және екпе дақылдар болып саналады. Өйткені, оларда күн сәулесі энергиясы трансформацияланады. Өсімдіктер фотосинтез арқылы күн сәулесі энергиясын пайдаланып, синтезделген органикалық заттардан топырақ көп мөлшерде энергия алып, жинақтайды. Сөйтіп, биологиялық айналым үдерісі тірі организмдерге қажетті көміртегі, сутегі, оттегі, азот, фосфор, калий, кальций, т.б. биофильді элементтерді шоғырландырады.

Сондықтан топырақты үнемі күтіп-баптап, оның құнарлылығын жылдан-жылға арттыру қажет. Бұл келешек ұрпақтар үшін де маңызды. Топырақтың экологиялық қасиеттері: қоректік заттарды жинау қабілеті, яғни құнарлылығы, су сыйымдылығы, кеуектілігі, ылғал өткізгіштігі, ауа және жылу режімдері оның механикалық құрамымен, физикалық-химиялық қасиеттерімен тығыз байланысты болып келеді. Топырақ құнарлығын арттыруда органикалық тыңайт­қыштардың рөлі өте зор.

Егіншілікте заттар айналымына ең күшті әсер ететін шара – органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу. Тыңайтқыштар топырақ құрамына кешенді әсер етеді, өсімдіктерді қажетті қоректік элементтермен толықтырады, топырақтың химиялық, агрохимиялық және физикалық қасиеттерін жақсартады, биологиялық белсенділігін арттырады, топырақтың құрамындағы қоректік заттардың жылжымалы, сіңімді түріне айналып, мобилизациялануын туындатады.

Конференция барысында мамандар мен ғалымдар пестицидтерді биологиялық препараттармен алмастыру экологиялық мәселенің бірден бір шешімі бар екендігін, алдағы уақытта ауылшаруашылықты, топырақтың сапасын жақсартудың басқа да амалдарын ойлап табу керектігін сөз етті.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Қатысты мақала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button