Мешіттер мен медреселер жабылып жатыр
Қырғызстанның Ош облысында діни білім берудің бірыңғай стандарты болмағаны үшін 39 мешіт пен 21 медресе жабылды. Сонымен бірге діни орындар құрылыс-сәулет талаптарына сәйкес келмегені үшін де қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, Ош облысында 39 мешітке айыппұл салынып, христиандық бағыттағы 18 діни нысанның қызметі тексерілді.
Діни орындарда сәулет-құрылыс және санитарлық-эпидемиологиялық нормалар ескерілмеген. Ғимараттардың құрылысы ретсіз салынған. Сондай-ақ, діни мекемелер аймақта радикалды-экстремистік идеологияның таралуына ықпал етіп қызмет еткен, – делінген хабарламада.
Діни нысандар экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мақсатында тексерілген. Тексеру тобының құрамында арнайы қызмет, полиция, Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық билік және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері болды.
Фото: azan.kz